Жамбыл облысында автокөлік бөлшектерінің ұрлығы белең алып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24» агенттігі.

Жыл басынан бері өңірде осындай 500-ден астам дерек тіркелген. Әсіресе Тараз қаласында қылмыстың бұл түрі көп жасалады. Қазір өңірде ұрыларға қарсы жұмыс күшейді. Алайда бұдан шыққан нәтиже шамалы. Тәртіп сақшылары ұрыны ұстап, қылмысы дәлелденіп тұрса да, қайта бостандыққа жіберуге мәжбүр.

Статистикаға сәйкес, автокөлік бөлшектері Тараздағы 6,7,8,9 және 13-мөлтек аудандарда жиі тоналады. Әсіресе аккумулятор жоғалтып, шағымданатындар көп. Мәселен, Ахан Сейдіқадіровтің көлігі үй ауласынан үш мәрте тоналған.

«Жөндеп, қалпына келтіруге 150 мың теңгеге шығындалдым», – дейді қала тұрғыны.

Ал полицияда Ахан сияқты 534 адамның шағымы тіркелген.

«Көлігімнен аккумуляторымды ұрлап кетті. Оған қоса магнитофонды да түбімен суырып алып кеткен. Кейде 4 дөңгелегін де алып кетеді. Үстінен түссең, қол жұмсауға дайын тұрады. Қорықпайды мүлдем», – дейді Ахан Сейдіқадіров.

Тәртіп сақшылары қылмыскерлерді аңдып жүріп ұстайды. Тергейді, тексереді, қылмысын дәлелдейді. Бірақ ұры қамалмайды. Мәселен, полицейлер аккумулятор ұрлығына қатысты 179 істің ізін суытпай ашқан. Алайда осы 179 қылмысты жасағандардың барлығы қазір бостандықта жүр. Неге? Ардақ Мәдімаров, облыстық криминалдық полиция бастығы: –

«Себебі жәбірленуші тарап кешірім берген. Сондықтан біз оларды қамай алмаймыз. Арасында бірнеше рет ұрлық жасап ұсталғандар да бар. Осындай 15 адам тіркеуде тұр. Кәсіп қылып алған. Тіпті топ болып жұмыс істейді. Олар заңды әбден біліп алған. Жеке пікірім қылмыскерлер жазаланып, қамаққа алынуы тиіс. Қазір арнайы алгоритм жасалып отыр. Осыған қатысты прокуратураға ұсыныспен шығып жатырмыз», – дейді облыстық криминалдық полиция бастығы Ардақ Мәдімаров.

Заңда ұрлықтың ұсақ, орта, ауыр, аса ауыр санаттағы түрлері қарастырылған. Бүгінгі күні ауырлығы орта дәрежедегі ұрлықтар белең алып тұр. Ол тоналған мүліктің бағасына қатысты анықталады. Тараз қалалық №2 сотында 11 айда ұрлық бойынша 72 іс қаралған. Оның 33-і тараптардың татуласуына байланысты өндірістен қысқартылды. Арнайы талдау көрсетіп отырғандай, көліктерге кіріп тонайтындардың дені жұмыссыз адамдар көрінеді.

Дереккөз

Бөлісу