Білім және ғылым министрлігі бала асырап алудың жолдарымен бөлісті.

«Балалар үйінен сәби асырап алған жандар туралы жазбаларымыздан кейін бізге көп оқырман хабарласып, сансыз сұрақ қойды. Сондықтан осы тақырыпқа қайта айналып соғып, бала асырап алу жолдарын егжей-тегжеймен түсіндірмекпіз» деп жазады БҒМ баспасөз қызметі. Біз министрліктің жазбасын назарларыңызға ұсынамыз.

Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар жайлы мәліметтер сақталатын база 2016 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Осының арқасында көп бала жаңа отбасын тапты. Бұл база жұмысы жайлы толығырақ білу үшін Бала құқын қорғау комитетіне хабарласа аласыз. Тел: 8 (7172) 74 23 41, 74 21 54.

Бұл қадамға бармас бұрын ересектер «асырап алған балаға туғанындай бола алам ба?» деген сұраққа іштей жауап беруі керек. Бұл – үлкен жауапкершілікті қажет ететін қадам. Баланы алып, керексіз заттай қайтара салуға болмайды. Бұл сәбидің жүрегін мәңгіге жаралап, адамдарға деген сенімнен айырады. Біз алдымен бала асырап алуға қолдау көрсету орталығына хабарласуды ұсынамыз. Ол жерге хабарласқандар өзін толғандырған барлық сауалдарына жауап ала алады.

Бала асырап алуға қолдау көрсету орталығы (call-орталық – 1422)

Бала асырап алуға қолдау көрсететін «Жанұя» орталығы 2016 жылы «Ана үйі» қоғамдық қоры ҚР БҒМ Бала құқын қорғау комитетінің қолдауымен ашылған. Орталықтың Қазақстанның 17 қаласында филиалы бар. Бала асырап алу, тәрбиелеу жайлы сұрақтарға жауап беру үшін арнайы психологтар мен мамандар жұмыс істейтін 1422 нөмірлі колл-орталық жұмыс істейді. Асырап алған баламен тіл табысу қиындап кеткен жағдайда ата-аналар осы орталыққа хабарласып, психологиялық және моральдық көмек алады.

Асырап алу – бала өміріндегі өте маңызды кезең. Ата-ана үшін де солай. Баланы отбасына алып келмес бұрын олар алдымен танысып, бір-бірінің сырына қанық болғаны дұрыс. Мұндай таныстық мерзімі екі аптаға дейін созылуы мүмкін.

Қажетті құжаттар мен анықтамалар

Бала асырап алуға қажет құжаттар тізімі:
– жеке куәлігінің көшірмелері;
– жақын туыстарының еркін формада жазған рұқсаты (ата-аналар, бауырлары);
– бала асырап алу және тұрғын-жайын тексеріп, зерттеуге келісім беру туралы өтінім;
– кіріс туралы анықтама;
– отбасы жағдайы туралы анықтама (отбасылыларға – неке куәлігінің көшірмесі, бойдақтарға – некеге тұрмағаны туралы нотариус растаған анықтама);
– тұрғын жай өзінікі екенін растайтын (сату-сатып алу шарты) және тұрғын үйді пайдалануға рұқсат беретін (жалға алу шарты) құжат көшірмесі;
– сотталмағаны туралы анықтама (аудандық ХҚКО 10 күн ішінде береді), 10 күнге жарамды;
– асырап алушылардың денсаулық жағдайы туралы анықтама, оның ішінде психикасы дұрыс, есірткіге, алкогольге тәуелді емес екенін растайтын құжат.

Құжаттар толық жиналған соң асырап алу ісі 2 ай уақытты алады. Қамқоршы орган 10 күн ішінде тұрғын үй мен тұрмыстық жағдайын тексеріп, акт жасалып 5 күн ішінде асырап алу/алмау жөнінде шешім шығады.

Асырап алушы ата-аналар қауымдастығы 

Бейүкіметтік ұйымдар балалар үйінің тәрбиеленушілерінің отбасы тауып орналасуын қолдап, асырап алушыларға кеңес беріп отырады. Осындай ұйымдардың бірі – асырап алушы ата-аналар қауымдастығы. Оны көп баланы асырап алған ана Жанна Ким басқарады. Сондай-ақ «Ана үйі» ҚҚ жанында бала асырап алған ата-аналар мектебі де бар.

Бала асырап алған ата-аналар не дейді? 

Егер басқа ата-аналардың тәжірибесі жайлы білгіңіз келсе, төмендегі мақалалармен танысып шыққаныңыз жөн. Сұхбаттасқан адамдарымыз бастан кешкенін қайта еске түсіргісі келмеген кездері де болды. Бірақ білгенін жұртпен бөлісуден қашпады.

Әпкелі-сіңлілі Арайлым мен Ақеркені Фарида Оспаева асырап алған. Фарида Дүйсенбекқызы мен Мұрат Абулбаширұлы бір балаға зар болып жүріп, кеш болса да бала асырап алуға бел буған. Ойлануға, шешім қабылдауға 5 жыл кеткенін айтады. Алдымен 3 жасқа дейінгі бала алғысы келген. Ес біліп қалған баланы тәрбиелей алмаймыз ба деген қорқыныш болыпты. Ал қазір бақытты жандар 7 және 8 жастағы екі қызды мәпелеп отыр.

Асемгүл Сейтенова мен Әмина – балалы бола алмай, асырап алу ойынан шықпай жүрген барлық аналар білуі тиіс оқиға кейіпкері.

Тамила Андреева – бауырларды бөліп-жармай, бәрін бір-ақ асырап алған батыр ана. Тамила Мамедқызы жұбайымен бірге 6 бала тәрбиелеп отыр. Оның төртеуін асырап алған.

Республикалық деректер банкі арқылы бала асырап алудағы іс-әрекеттер.

Айта кетейік, жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда балалар үйі болмауы тиіс екенін айтқан болатын.

Дереккөз

Бөлісу