Зеленов ауданы Достық ауылдық округі Чувашка елді мекенінде тұрғын үй түгелдей өртеніп кетті.

Достық ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Гүлнәр Мұқанғалиеваның айтуынша, өрт Кооперативный көшесі 4/2 мекенжайында болған.

Үй иесі, 1982 жылғы Николай Перевай сол күні ауылда болмаған. Оның азаматтық некедегі әйелі, 1986 жылғы Анастасия Баладурина кешкі сағат 18.30 шамасында өрт болған кезде үйден шығып үлгерген. Айқайлап көмек сұраған әйелге күреспен айналысатын, биыл «Қазақстан барысы» аудандық турнирінің жеңімпазы атанған Серікқали Шудабаев бірінші болып жетіп, шұғыл жәрдем көрсеткен. Басқа ауыл тұрғындары әйелдің ақша мен құжаттары салынған сөмкесін ғана алып шыққан.

Шамамен екі сағаттан кейін Орал қаласынан өрт сөндірушілер көліктерімен жетіп, «тілсіз жау» 22.30-да ауыздықталған. Өрттің жалпы аумағы 120 шаршы метрді құраған.

«Өрт газ пешінің ақауынан шыққан секілді. Алдын ала мәліметке қарағанда, аяқ-қолынан жарақат алған әйел Оралдағы көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Үй иесі қазіргі кезде ТЖ органдарына барып, қажетті құжаттарды жинастыру үстінде. «Қыстың көзі қырауда» далада қалған тұрғындарға барынша қолдау-көмек көрсетілетін болады», – деді ҚазАқпарат тілшісіне Г.Мұқанғалиева.

С.Шудабаевпен тілдескен кезде ол да болған оқиғаны растады.

Дереккөз

Бөлісу