Балқаш көлінде демалушылардың санын алдағы үш жылда екі есеге арттыру үшін арнайы жоспар бекітілді.

«Қарағанды облысы жеткілікті деңгейде туристік әлеуетке ие деп есептейміз. Балқаш көлі еліміздің туристификация картасында ТОП-10 қатарына енді. Шетелдік «Маккензи» компаниясы жұмысқа тартылып, Балқаш көлінің жағажайын дамытудың жоспары бекітілді. Бұл жоспардың жүзеге асырылуы алдағы үш жылда Балқаш көліне ағылған туристердің санын екі есеге арттыруға, яғни  – 80 мыңнан 160 мыңға жеткізуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта келесі жылы төрт жолақты Қарағанды – Балқаш автобанының құрылысы басталады. Балқаш қаласының әуежайын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Ол әуежай он жыл бойы бос тұрған еді», – деді Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Облыс басшысының айтуына қарағанда, сол секілді Қарағанды облысындағы Ұлытау да еліміздің туристік нысандарының елулігіне енгенін еске салды.

«Ұлытауға дейінгі жолдар жөнделіп, басқа да инфрақұрылым жұмыстары жалғасын табуда. Ұлытауда визит-орталықтардың құрылыстары басталды. Жалпы біздің ойымызша, туризм – аймақ экономикасын алға жетелейтін салалардың бірі болар деген сенімдеміз», – дейді Ерлан Қошанов.

Дереккөз

Бөлісу