Қарашаның 28 – і күні Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі Үкіметтік емес  ұйымдарға арналған сыйлықақы лауреаттарын  марапаттады.

Сыйлықақы әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосқан үкіметтік емес ұйымдарға 15 бағыт бойынша беріледі. Конкурсқа Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген және ҮЕҰ деректер базасына мәліметтерін уақытылы тапсырып отыратын, үкіметтік емес ұйымдар қатысты.

«Халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге жәрдемдесу» номинациясы бойынша жүлдеге Қуаныш Қасеновтың басшылығындағы «Семей қаласының студенттік құрылыс жастар еңбек жасақтарының штабы» қоғамдық бірлестігі ие болды.

Шығыс Қазақстан облысында бір жылда 1475 адамды жұмыспен қамтыған. “Жасыл ел” жасақтары 1259  түп ағаш отырғызған. 75 құрлыс ошақтарында жастар жұмыс істеді. Азаматтарды жұмыспен қамтуда зор үлес қосып жүрген осындай ұйымдар өзгелерге қашанда үлгі. Қазақстанның Үкметтік емес ұйымдардың арасында үздік атанған «Семей қаласының студенттік құрылыс жастар еңбек жасақтарының штабы» қоғамдық бірлестігі соның айқын дәлелі.

– Елбасымыз әрдайым жастарға көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшысы “Еңбек жасақтарының ізгі мақсаты – елімізді көгалдандыру және оның экологиялық тұрғыдан таза болуын қамтамасыз ету” деп атап өткендей, «Семей қаласының студенттік құрылыс жастар еңбек жасақтарының штабы» қоғамдық бірлестігі әрдайым осы бағытта жастарға қолдау көрсетіп келеді. Жазғы демалыс кезінде көптеген жастарды жұмыспен қамтамасыз етіп қана қоймай, табиғатты қорғап, аялауды да саналарына сіңіреміз, – деді қоғамдық бірлестіктің басшысы Қуаныш Қасенов.

Бөлісу