Ұлы Дала елінің бақ ордасы, бас қаласы – Елорданың төрінде Жастар сарайында “Азаттық – ұлттың ары, Елбасы – елдің бағы” атты тарихи-танымдық мерекелік кеш өтті.

Айтулы іс-шара Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» орталығының ұйымдастыруымен мемлекеттік маңызы зор “Рухани жаңғыру”, “Ұлы даланың жеті қыры” бағдарламалық мақалаларына бағытталған «Руханият апталығы» аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне және еліміздің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнінің құрметіне арналған.

Кеш барысында театрландырылған қойылымдар, танымдық бейнебаяндар егемендік алған күннен бері қарай жылнамадан сыр шертті.

«Азаттық жолы» театрландырылған қойылымы көрермендердің көңілінен шықты. Лэд-экран арқылы көрсетілген «Тәуелсіздік жетістіктері және елбасы жолы» арнайы бейнесюжеттер жиналған қауымға Тәуелсіздік жылдары жайлы танымдық мағлұматтар берді.

Сондай-ақ, танымал ақындар жырдан шашу шашып, белгілі эстрада әншілері өнер көрсетті. Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының «Шалқыма» халық биі ансамблі, «Саз» этно тобы, «Қарақат» мектеп студиясы өнерлерін ортаға салса, айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан арнау оқыды.

Қазақ жастарының бірегейі, талантты күйші Айбек Бекбосын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арнаған “Елбасы толғауы” күйін ойнады. Талантты дәстүрлі әнші, ұлт мұрасын дәріптеп жүрген Ерлан Рысқали және танымал әншілер Әсем Омар, Нұрлан Әлімжан, Ибрагим Ескендір де өз өнерлерін ортаға салды.

«Жыр арқауы – азаттық» деген тақырыпта жыр-құттықтауларымен еліміздің белгілі де танымал ақындары, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері, республикалық, халықаралық додалардың жеңімпаздары Бауыржан Қарағыз, Алмас Темірбай, Мерей Қарт сахна төрінде өз жырларын оқыды.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы, Президент болып сайланған күннен бастап ел жастарына сенім артты. Соның нәтижесінде игілігі мол “Болашақ” халықаралық стипендиясы, “Дипломмен ауылға”, “Серпін” сияқты көптеген бағдарламалар қабылданды. Ал, келесі жылды Жастар жылы деп жарияланды. Мемлекет басшысы үміт артқан жас буын – жаңа ұрпақ Тәуелсіздік деген қасиетті сөздің ішінде қаншама терең мағына, сан мыңдаған ғасырлық арман-мұрат, үміт-тілек бар екенін білу қажет. Күні кеше ғана “Егемен Қазақстан” газетіне жарияланған Елбасымыздың “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласы руханиятымызға зор серпіліс беріп, тұтас елімізді рухтандырған идеялық-мағыналық маңызы мен мазмұны ауқымды “Рухани жаңғыру” бағдарламасының кезекті міндетін алдымызға жүктеді. Бұл – қазақтың жаһан мәдениеті тоғысындағы ұлттық ерекшелігі мен генінің, ұлттық кодының бәсекеге қабілетті, жасампаз екендігінің айғағы, – деді «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы  Ержан Еңсебай.

 

 

Бөлісу