Атырау қаласында халықаралық тасымалмен  айналысқан такси жүргізушілерден ақша бопсалаған қылмыстық топ мүшелеріне қатысты сот үкімі шықты.

«Тергеу барысында анықталғандай, атыраулық алты азамат 2014-2017 жылдар аралығында Атыраудың теміржол вокзалынан «Атырау-Астрахань», «Атырау-Орал» және «Атырау-Бейнеу» бағдарымен жолаушыларды тасымалдап жүрген такси жүргізушілерден ақша бопсалаған. Сотталушылар олардан әуелі жолаушылар тасымалымен айналысу үшін 80 мыңнан 200 мыңға дейін ақша төлеуін талап еткен. Бұл соманы берген жүргізуші кейін ай сайын 5 мыңнан 25 мыңға дейін төлеп тұруы тиіс болған», – деп хабарлады Атырау облысы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған соттың баспасөз қызметінен.

Сот отырысында сотталушылар өз кінәсін мойындап, жәбірленушілерге келтірген зиянды толық өтеді.

«Кінәсін мойындаудан бөлек, сотталушылардың қылмыс жасағаны жедел-іздеу шараларының қорытындылары, жәбірленушілер, куәгерлердің түсініктеме беруі, телефон арқылы сөйлесу стенограммасы, сараптама қорытындылары және тағы басқа материалдар арқылы толық дәлелденген.

«Сот үкімі бойынша қылмыстық топты ұйымдастырған азаматқа 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру, ұйымдасқан қылмыстық топтың тағы екі мүшесіне 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Тағы үш қылмыскер үш жылға сотталды», – деп хабарлады Атырау облысы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған соттың баспасөз қызметінен.

Дереккөз

Бөлісу