Биылғы желтоқсан айында «Сарыарқа» газ құбырына қатысты тиісті жұмыстар басталады. Бұл туралы Парламент Сенатында «Жасыл экономика» тақырыбында өтіп жатқан Үкімет сағатында ҚР Энергетика вице-министрі Сәбит Нұрлыбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі кезде елді мекендерді газдандыру бойынша шараларды жүзеге асыруға көп көңіл бөлініп отыр. 2018 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстан халқын газбен қамтамасыз ету деңгейі 47,38 пайызды құрады. Бұл ретте газдандырудың жалпы кестесіне сәйкес, 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 56 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда. Осы орайда қосымша 1,5 мыңнан астам елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, 2017 жылы 102 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндірілсе, соның ішінде газ электр стансаларының үлесі 20,2 пайызды құрады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен 1,5 жыл ішінде «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылысын іске асыруымыз қажет. Жобаны жүргізетін Астана Газ акционерлік қоғамы тендерді жасап, қазіргі кезде мердігер анықталды. Желтоқсаннан бастап тиісті жұмыстар басталады, сондай-ақ келесі жылдың желтоқсанында құбыр салынып бітеді деп жоспарланып отыр», – деді С. Нұрлыбай.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Сарыарқа» магистральды газ құбырының «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағыты бойынша бірінші кезеңі 2019 жылдың желтоқсан айына дейін аяқталады. Бірінші кезеңнің болжамды құны 267 млрд теңгеден асады. Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана қаласының әкімдіктері магистральды газ құбыры мен аймақтық желілер құрылысының мерзімін ескере отырып, инфрақұрылым құрылысы үшін жол картасын әзірлеген.

Дереккөз

Бөлісу