ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қасым хан туралы фильмнің сценарийі жазылып жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алтын адамның тарихын зерттеу болсын, энциклопедия, музейді құру болсын – біздің министрліктің құзырындағы шаруа. Сол себептен бүкіл мекеме басшыларының басын қосып отырыс өткізіп жатырмыз. Алдымыздағы нақты мақсаттар айқындалды. Ең тапшы дүние – ол уақыт. Елбасының өзі уақытты тиімді пайдалану керектігін айтып отыр. Сол себептен, осы тарихи еңбектердің аясында бір аптаның ішінде нақты ұсыныстарды беруіміз керек», – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы Ұлттық академиялық кітапханада өткен жиында.

Министр өз сөзінде, халықтың көңілінен шығатын керемет ұсыныстар айтылып жатқанын айтты.

«Әлбетте, ойға алған шаруаларды іске асыру үшін мемлекеттік жоспар жасаймыз. Салыстырмалы түрде қарасаңыздар, ең аз бюджет – біздің министрлікте. Бірақ, халықтың көңілінен шығып, дүние жүзіне танылып жатқан шаруалардың көбін біздің министрлік атқарып жатыр. Кеше ғана Димаштың Лондонда концерті өтті. Бірде-бір қазақ Димаштың деңгейіне жеткен жоқ», – дейді ол.

Арыстанбек Мұхамедиұлы сонымен бірге Қасым хан туралы фильмнің сценарийі туралы сөз қозғады.

«Қасым хан туралы фильмнің жобасы бойынша біз картинаның сценарийіне тапсырыс бердік. Әлбетте, ол сценарийдің қалай жазылғанына ден қоярымыз анық. Егер онда Қасым ханның барлық ерлігі мен өмірі қамтылмаса, ары қарай жұмысты жалғастыратын боламыз. Режиссер – «Ертұғырыл» сериалын түсірген түрік режиссері болады. Ол қазақстандық мамандармен бірге сценарийді жазып шықты. Қазіргі таңда қазақстандық режиссерлер ірі жобалармен жүр. Ақан Сатаев «Тұмар патшайымды» түсіріп жатса, Рүстем Әбдіраш «Алмас Қылышты» жалғасына кірісіп кетті. Әлемдік деңгейге жету үшін біз мойындалған режиссерлер мен авторларды шақыруымыз керек», – дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Дереккөз

Бөлісу