Tengrinews.kz “Қазақтың ұмытылған дәстүрлері” атты мақалалар топтамасын қолға алған болатын. Бұл жолғы дәстүр – Өңір салу.

 

Қазақтың көне дәстүрлерінің бірі өңір салу туралы “Әдемі-ай” компаниясының президенті, ҚР Мәдениет қайраткері, танымал топтамашы-этнограф Бахаргүл Төлегенқызы айтып берді.

“Өңір салу қазақтардың көне дәстүрлерінің бірі. Ол қазірге дейін сақталмаса да, кей өңірлерде осыған ұқсас шаралар өтіп жатады. Ертеде қазақтар өңір салу дәстүрін тойдан кейін өткізген. Келін түскен үйге сол әулеттің әйелдері шашу шашып баратын болған. Негізі, өңір салу кәде-сый беру жоралғыларының қатарына кіреді. Бұл дәстүрдің негізгі мағынасы мен мақсаты жаңа құрылған отауға қамқор болып, құрмет көрсетіп, тұрмыстық жағынан көмек көрсету болған”, – деді ол.

Төлегенқызының айтуынша, өңір салу дәстүрімен келген қонақтар жаңадан құрылған отбасының отауына тұрмыстық заттар, келіншекке қажетті бұйымдар, киім-кешек пен тағы да басқа күнделікті өмір үшін керекті дүниелерді әкелетін болған.

“Өңір салу дәстүрі бойынша, әркім өз қолында барын, жағдайы жететін затын әкеледі, жағдайы болмаса ырымдап үкі, бүркіт тұяғын да апарған. Ал өңір салу дәстүрімен барған әрбір қонақты қазақтар ерекше күтіп, малын сойып, мол дастархан жайған. Мұнда ең маңыздысы келген әрбір қонақтың риза болып қайтуы. Рәсім аяқталғаннан кейін қонаққа сарқыт беріліп, ол шыт көлемінде бөлінген матаға түйілген. Мұның мағынасы “жұғысты болсын” дегенді білдіреді”, – деді этнограф.

Бахаргүл Төлегенқызының айтуынша, өңір салу дәстүрін жаңғырту керек. Себебі оның жастар үшін маңызы мен пайдасы мол.

“Қазақтың қай дәстүрін алып қарасаң да, астары терең, тәрбиесі мол. Жас отбасы тезірек аяққа тұрып кетсін, ел қатарына қосылсын, жас келіннің жоқ заты көп болып, біреуге алақан жайып қалмасын деген ниеттермен осындай дәстүрлерді жаңғыртып, жалғастыру керек”, – деді ол.

Айтуынша, өңір салу сияқты дәстүрлер жастардың тұрмыстық қиындықтарға бола ажырасып кету сияқты проблемаларының алдын алады.

Дереккөз

Бөлісу