Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасы 9 айдың жұмысын қорытындылады.

Тоғыз айдың ішінде прокуратура қызметкерлері сан түрлі салада заңбұзушылықтарды анықтап, жүздеген бассыздықтың жолын кескен. Мысалы, мемлекеттік кірістер департаменті мен қоғамдық көлік тасымалдаушыларының арасында  бір жылдан астам уақытқа созылған даудың шешілуіне прокурорлық тексерудің нәтижесі ықпал етті. Кейін облыстық сот кәсіпкерлердің пайдасына шешім шығарып, салық органының 3,2 млрд теңге қосымша салық төлету туралы талабын негізсіз деп тапқан.

Ал еңбек қауіпсіздігі саласында «Қазцинк», «Востокцветмет» компанияларының өрескел қателіктерін анықтап, облыс бойынша 1,6 мың заңбұзушылықты әшкерелеген. Сондай-ақ, 17 нысанның жұмысы жұмысшылар мен тұрғындардың өміріне қауіпті деп танылып, жұмысы тоқтатылған.

Тиімді пайдаланылмай жатқан жер телімдерін мемлекетке қайтару ісінде де прокуратура өкілдерінің араласуымен сең қозғала бастады. Биыл облыстық прокуратура ондай телімдерді мемлекетке қайтарудың алгоритмін ұсынған болатын. Осы алгоритм бойынша 180 телім мемлекет меншігіне қайтты.

 Ал табиғат пайдаланушылар тарапынан  91 заңбұзушылық анықталып, бюджетке 60 млн теңге айыппұл төленген. Жалпы прокуратураның ықпалымен 9 айда 1,1 млрд теңге өндіріліп, 2,5 млрд теңгенің мүлкі мемлекет қазынасына құйылған.

«Жергілікті полиция қызметімен бірлесіп қабылдаған шаралардың арқасында тұрмыстық сипаттағы кісі өлтіру қылмысы 25 пайызға азайған. Жалпы жыл басынан бері облыстағы қылмыс саны былтырғыдан 4 пайызға төмендеді. Әсіресе жасөспірімдер арасындағы қылмыс 22 пайызға кеміген. Пәтер ұрлығы 25 пайызға, ұялы телефон ұрлығы 2 пайызға азайды» – делінген облыстық прокуратураның бапасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Дереккөз

Бөлісу