Тәуелсіздігіміздің тұғыры нықталып, еңсемізді тіктеген сайын кешегі Алаш үшін арпалысып өткен арыстарымыздың бағасы одан сайын артып, мәртебесі одан сайын биіктей бермек. Соның бір дәлеліндей биыл Премьер-Министрдің қаулысымен 5 қыркүйек, яғни Ахмет Байтұрсынұлының туған күні Қазақстан халқы тілдерінің күні болып бекітілген болатын.  

Кеше Астана қаласының әкімдігі мен Тілдерді дамыту және архив ісі бас­қар­масы, «Руханият» коммунал­дық мем­лекеттік меке­месінің ұйымдастыруымен Қ.Қуанышбаев атындағы Мем­ле­кеттік академиялық қазақ му­зыкалық драма театр­ында Ахмет Байтұрсынұлының шы­ғар­машылығына арналған «Алаш­­тың Ахаңы» атты рухани- тағылымды іс-шара өтті.

Кешке Ахмет атамыздың аталас туыс­тарынан тараған ұрпақтары да келіп­ті.

– Бізге күл­лі Алашқа ортақ Ах­мет Байтұрсынұлының ұрпағы деген ат әрине мақтаныш, сонымен бірге өте үл­кен жауапкершілік. Әулетіміздің ұл-қыздары осы ардақты атқа жаманат келтірмей, ұрпағы да ғылым, біліммен ұлтқа қызмет ету керектігін айтып, сол бағытта жұмыс істеуге тырысамыз, – деді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Еу­ра­зиялық білім және ғылымды дамыту қоғамдық қорының атқарушы директоры Азамат Нұрланұлы.

Кеш Қ.Қуанышбаев теа­трының әртістері сомдаған «Ұлт қайраткері» қойы­лы­мымен басталып, «Ахмет Байтұр­сын­ұлының ғұмырнамасы» атты бейне­сюжет көпшілік назарына ұсынылды. Алаш­танушы ғалым, филология ғылым­дары­ның докторы, академик Дихан Қам­за­бекұлы сөз сөйлеп, Ахмет Байтұр­сын­ұлының арман-мұраты жайлы баяндады.

Ол әр ұрпақтың мойнына өз уа­қы­тының жүгі артылатынын, сол жүкті келесі ұрпақтың арқасына артып кету ұлтты кері шегіндіретін немесе басқаларға ілесе алмай қалуға алып келетін қателік еке­нін айта отырып, Ахаңның өз дәуірінде мойнына артылған аса ауыр жүкті толы­ғымен атқарып кеткен ғалым екендігін тілге тиек етті.

«Бұл шараның мақсаты – Алаштың рухани көсемі, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ғалым, әдебиет зерттеушісі, ағар­тушы, ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұр­сынұлының шығар­машылық мұрасын көпшілік қа­уымға кеңінен насихат­тау, жас ұрпақтың бойын­да ұлтжандылық пен отан­шыл­дық рухты қалып­тас­ты­ру, қоғамдық сананы ұлт­тық ба­ғытта жаңғырту, ұлттың асыл қазынасы – қазақ тілінің мәр­­тебесін арттыру, қазақ сөз өнерінің құнды мұраларын таныту», – деді «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы  Ержан Еңсебай.

Тағылымды да тартымды кеште дәс­түрлі әнші Амангелді Сейітхан Ахаң­ның Файзолла досына жазған соңғы хат­тары­ның бірі «Қан шеңгел» толғауын орындады. «Сенен бұлт менен қайғы тарқамады» деп Мәдидің әнімен бастаған әйгілі әнші Рамазан Стамғазиев  әрі қарай «Алаш қонған ақбоз үй…» деп Қапездің әнімен жал­ғады. Күйші Айбек Бекбосын «Алаш» күйін тарту етті. Сондай-ақ оқушылар Ахмет атамыздың өлеңдерін оқыды.

Игі іс-шараға зиялы қауым өкілдері мен қала басшылығы, құрылымдық және әлеуметтік мекемелердің, оқу орындарының, жастар ұйымдарының жетек­шілері, белсенді жастар мен ұлт ұс­та­зының ұлағатынан сусын­дауға қызыққан қала тұрғындары қатысты.

Дереккөз

Бөлісу