Рим қаласының метросында эскалатордың істен шығуынан 30-ға жуық адам зардап шекті. Олардың жетеуі ауыр жағдайда, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.

Ресейдің Италиядағы елшілігінен мәлім еткендей, зардап шеккендердің арасында мәскеулік ЦСКА футбол клубының жанкүйерлері бар.

«Барлығы 30 адам жарақаттанды: жетеуі ауыр жағдайда, тағы бес адамның денсаулығы «орташа ауыр» деп бағалануда, 18-і жеңіл жарақаттар алған»,- деді агенттіктің дереккөзі.

«Repubblica» орталық метро стансысында оқиға болған уақытта ЦСКА-«Рома» матчын тамашалау үшін Олимпиадалық стадионға бара жатқан Ресей Федерациясының азаматтары да болған.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, Олимпиадалық стадионға жету үшін бірқатар ресейлік жанкүйер метроға түскен. Кенеттен эскалатор жылдам қозғала бастаған. Жолаушылар түсіп үлгермей, бірінің үстіне бірі құлай бастаған. Олардың бірі аяғынан айырылған.

Метро алаңына полиция қызметкерлері, құтқару қызметтерінің көліктері дереу жеткен. Кем дегенде бес жедел жәрдем көлігі оқиға орнынан адамдарды алып кетті. Жаңа бригадалар келуде. Метро стансысы жабылды.

ТАСС агенттігіне Римдегі Олимпиадалық стадионнан мәлім еткендей, сағат 22.00-де басталатын футбол матчына 1,5 мың ресейлік жанкүйер келетіні күтілуде.

Дереккөз

 

Бөлісу