Алматы облысында мал ұстайтын база өртеніп, жүзге жуық мал жанып кетті, деп хабарлайды Қазақпарат ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне сілтеме жасап.

«25 қазан күні 15:00-де өртке қарсы қызмет пультіне Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қорам ауылы маңындағы мал ұстайтын базаның өртенгені туралы ақпарат келіп түсті. Өртті сөндіруге жеке құрамның 9 қызметкері және облыстық ТЖ департаментінің 2 техникасы жұмылдырылды», – деп хабарлады ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.

Өрт 16:05-те ауыздықталды және 17:31-де толық сөндірілді. Жалын шарпыған аумақ 840 шаршы метрді құрады.

«Соның салдарынан шамамен 100-ге жуық ірі қара мал қырылып, 160 тонна шөп өртеніп кетті», – делінген ресми хабарламада.

Дереккөз

Бөлісу