Алматыда майын алғызбақ болған әйел көз жұмды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова айтты.

Қайғылы оқиға былтыр желтоқсанда болған.

44 жастағы Ж. Рахманова  «Москва Делюкс» ЖШС емханасында алдыңғы іш қабатының, қос бүйірінің, жамбасының майын алғызу үшін ота үстеліне жатқан. Әйелге отаны аталған емхананың басшысы, хирург Роман Алферов жасаған. Әйел отадан соң қайтыс болған.

Қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті аталған дерекке байланысты тексеруді жақында бастады.

«2018 жылдың 4 қазанында Алматы қалалық полиция департаментінен 2017 жылдың 9-10 желтосқан аралығында «Москва Делюкс» ЖШС емханасында болған қайғылы оқиға дерегін тексеру туралы хат келіп түсті», – деді департамент басшысы Айзат Молдақасымова.

Полиция адам өліміне қатысты қылмыстық іс қозғады.

«Қазіргі таңда тергеу басқармасы ҚР ҚК 317-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. Операцияны «Москва Делюкс» ЖШС жекеменшік емханасының хирургы Алферов Роман жасаған. Бүгінде тергеу басқармасы арнайы тағайындалған сараптаманың қорытындысын күтіп отыр.  Полиция медициналық көмек сапасын бақылау департаментіне хирург Алферов Романға қатысты шара қолдануды сұрап хат жіберді», – деді полиция Департаментінің баспасөз қызметінен.

Айта кету керек, бұл Алматыда соңғы екі жылда тіркелген үшінші жағдай болып отыр. Бұған дейін украина азаматшасы Дана Агамурадова Алматыда іш майын алғызу үшін липосакция жасатпақ болып жекеменшік емханалардың бірінде ота жасатқан.

Отадан соң 6 сағат өткенде Дана есін жимастан көз жұмған. Дәрігерлердің айтуынша, пациент май түйіршіктері өкпе тамырларын бітеп қалған соң көз жұмған.

Отаны жасаған пластикалық хирург Дмитрий Писарев қазір сот алдында жауап беріп жатыр.

Дәл осы хирургтың қолынан биыл қарашада тағы бір әйел көз жұмды. 30 жастағы Лаура Ізбасарова пластикалық ота жасатып, омырауын тарттырмақ болған.

Бұл қылмыстық оқиғаны да полиция тексеруге алды.

Дереккөз

Бөлісу