Сингапур заманауи технологиямен жарақтануы жағынан һәм оны жасап шығаруда әлемде 15-орында тұр. Ал оңтүстік-шығыс Азия елдерінің ішінде  бұл салада оның алдын орайтын мемлекет жоқ десе де болады.

Ғаламдық инновация индексі (GII) 2017 жылы «Сингапур Азиядағы инновациялық белсенділігі ең жоғары мемлекет» деген қорытынды жасады. Бірақ, технологиядағы жетістіктерімен таңдай қақтырып келе жатқан бұл мемлекетте информатика пәні оқытылмайды. Санаңызда еріксіз «неге?» деген сауал туындаған болар. Мәселені әріден қозғайық.

Қазір елімізде мектеп оқушыларына арналған оқулықтардың макеті жасалып, жаппай талқыға ұсынылып жатқаны белгілі. Ол оқулықтардың бетін біз де парақтап көрген едік. Байқағанымыз, бұрынғыдай әр пәнді өз шеңберінде ғана дөңгелетпей әр түрлі салалармен сабақтастыра жазған. Мәселен, «Мектеп» баспасы ұсынған 9-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығында тілді биотехнологиямен, құқықпен, гендік инженериямен, өзге де салалармен бірізділікте түсіндіреді. Ескі оқулықтардағыдай жеке-жеке сөйлемдер емес, мысал ретінде толық мәтіндер берілген. Оқушыға негізгі базалық біліммен қоса әртүрлі тақырыпта тың ақпарат беретіндіктен көңіл көкжиегін кеңейтуде де айтарлықтай үлесі бар.

Соңғы жылдары орын алған білім саласындағы өзгерістер кеңестік кезеңнен қалыптасып қалған қасаң қағидаларды бұзып, тың жаңалықтарымен күннен күнге таңдай қақтырып жатқаны мәлім. Оны тілін безеп сыбайтындар да, мінін тауып сынайтындар да, қоштап шашбауын көтеретіндер де табылады. Ал біздің білім саласындағы бүгін тапқан «жаңалығымыз» Сингапурда әлдеқашан орныққан, мойындалған жүйе. Онда информатика пәні оқытылмауының сыры да осында жатыр. Олар әр сабақты  компьтермен, замануи технологиялармен өткізетіндіктен «информатика» деген жеке пәнді оқытудың қажеттілігі жоқ. Кез келген ғылым өзге ғылым салаларымен етене байланысты.

Әлем жұртшылығын былай қойғанда өз қазағымызды қазақша сөйлетудің төте жолы – қазақ тілін технология тілі ету. Тіл техникамен тонның ішкі бауындай бірге жасасқанда ғана қоғамның талап-тілегін қанағаттандыратын, сұранысқа ие тіл болып шыға келеді. «Ұлтым» деп ұлы істер жасайтын, «тілім» деп тірлік қылатын жастардан замана ұсынған бал мен уды талғамай ішетін, еліктегіш жастардың қарасы көп екені мойындауға ауыр шындық. Бірақ, білім саласындағы осындай кішігірім баспалдақтар экономикасы жоғары, қуатты мемлекетке алып баратын қадамдар деп білейік!

Шынәділ Салтанат

Дереккөз

Бөлісу