«Егемен Қазақстанға» Шерағаң басшылық жасаған тұста атақты ойшыл, танымдық прозаның перісі Асқар Сүлейменовтің «Шашылып түскен тіркестері» жарияланып, қоғамның ой-санасында дүмпу туғызған еді. Содан бері осы тіркес сөз айналымына еніп, аракідік баспасөзде қолданылып келеді. Біз де сол үздік үрдістің үзігін үзіп алмау мақсатында оны жаңғырта отырып, Шерағаңның әр жылдардағы ой-толғаныс, көзқарастарының ықшамдалған түрін жинақтап, оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік. Саңлақтың семсер сөзін сағынған шығарсыздар.

***

…Бұл – отансыздық идеологиясы. Бұл таптың анасы – ақша, атасы – сауда. «Коммерсанттар үшін өз туған елі болмайды» деп Америка демократиясының атасы Томас Джефферсон айтқан.
Демек, бұлардан ұлттық руханият дәметіп береке, қайыр таппайсың. Бұлар ұлттық руханият талықсып жатса, аузына су тамызбайды. Оның есесіне шеттен келген «жұлдызсымақтарға» миллиондарды аямай төлеп, жатып төсек, жайылып жастық бола қалады.

***

Академия көп, академиктер көп. Ғылым… шөп жеп, жем жеп, сүт бермейтін сиыр сияқты.

***

Жан-жақтан торыған ажалды жолатпай Қорқыт ата қобызын күндіз-түні тебірентіп-ақ келіп еді… Әттең-ай, бір сәтке қалғып кетіп, қобыздың үні өшіп қалғанда, қасиетті бабаны жылан шағып өлтірді.
Сол қобыздың шын аты – Руханият.

***

Газет жұмысы – бір жағынан, жазушының досы. Ел көресің, жер көресің, сан түрлі адамдармен кездесесің. Шығармаға жем табылады.
Газет – бір жағынан, жазушының жауы. Ойыңда жүрген, көкірегіңді кернеген дүниені алаңсыз отырып жаза алмайсың. Ұдайы оттың ішінде жүресің. Түнде де тыным жоқ. Газет кеш шығады. «Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, күнде бас қосқан жиын болады». Өл-тіріл, сондағы баяндаманы, бастықтардың көпірме сөздері таңертең газеттің бетінде болуы керек. Әйтпесе, басың кетеді. Сөйтіп жүріп мен бастап қойған повесімді аяқтай алмадым.
Ал Оралхан сол сапардан біраз жыл кейін «Құм мінезі» деген повесть жазды. Міне, жазу! Жазсаң – осылай жаз…

***

Ай мен жұлдыз болмаса, қараңғы түнде адамдар адасар еді.
Өнер дүлдүлдері болмаса, мына күйбең тіршілікте адамдардың көңілін кір басар еді.
Адамдардың жанын ыстанған кірден тазалап жүрген Ұлы Ұста – Нұрғиса – таң алдында жұлдыздармен бірге сөнді.
Енді біз Нұрғисаны ылғи да аспанда Таңшолпанның жанынан көретін боламыз.

***

Шындықты ақтарылып айту өте қиын. Бәлкім, дүниеде ең қиыны осы шығар. Дүние – дүние болғалы бұл түйін әлі шешілген жоқ. Адам шындықты айтпайын демейді. Айтайын десе қорқады. Бірақ Құдайды қайтеді? Құдай бәрін көріп тұр ғой! Адам Құдайды да алдауды үйренді.

***

Бай жылдар. Байлықты бейшара жандар дүние¬қоңызбен, ақшамен өлшейді. Көлдің тақырға айналуы оңай. Байдың пақырға айналуы оңай.
Ал таусылмайтын байлық, ол – Құдай о баста пешенеге берген дарын. Сол дарын еңбек етсең ғана байлыққа айналады.
Талант пен дарын тана сүтінен емес, Ана сүтінен дариды.

***

Нострадамустың бір айтқаны келсе, бір айтқаны келмейді. Ал баяғы Мөңке бидің айтқанының бәрі келіп тұр.
Ала-шұбар тілден арыла алмадық. Дүдәмалдау дін деген қаптап кетті…

***

Шын жазушының көзі көкірегінде болады.

***

Біздің ауылда, мына Жуалы деген жерде қалың егінді шөп басып кеткен кейбір жылдары. Арам шөп. Сол қалың шөптің арасынан анда-санда бір бидай, бір арпа қылтиып-қылтиып көрінетін. Жазушылар одағы да сондай ма, саны көп… Сол сапаға айналса дейсің.

***

Бүкіл қазаққа тән атақты адамдардың тойлары тек сол адамның туған жерінде ғана тойланатын әдет пайда болды…

***

Айтуға – ұят, айтпасаң – қиянат.

***

Заң – мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты.

***

Ақиқат адал айтыстан туады.

***

Демократия – жүгенсіздік емес.
Бостандық – жүйесіздік емес.

Сәкен Сыбанбай,

(“Алматы ақшамы”, 27.09.2018)

Дереккөз

Бөлісу