Адам ең бірінші кезекте нені қорғауға тиіс. Әрине, АРЫМЫЗДЫ деп, жауап береміз. Адамның қорғауға тиіс ары не? Ол: ар-иманы (сенімі), Атамекен туған жері, Отаны және Отбасы. Қазіргі жағдайда бұлардың қатарына Ата салтымыз бен дәстүрімізді, тіліміз бен дәстүрлі дінімізді қосуымыз керек. Адамда осылар болса және оны қорғай алатын сенімі болса, ол адамның Арының бар болғаны. Осылардың бәрі, немесе жартылай жоқ болса, ол адамның Ары жоқ, Арсыз болғаны. Ежелгі қазақтар бірімен-бірі кездесіп амандасқан да “АРМА”, яғни қорғайтын “АРЫҢ БАР МА?” деп амандасып, оған “БАРБОЛ”, яғни “АРЫҢ БАР БОЛСЫН!” деп жауап берген. Мұндай амандасу салты “Қобланды батыр” жырында төрт рет қайталанып, айшықтап айтылады.

«Қол соңында барады,
Қара бұқан жаурыншы,
Бұқанға келді – “Арма!” – деп,
“Алдыңда – кісі барма” -деп.
Қарабұқан сөйледі:
«Жылқы ішінде аланы,
Жоқтап едік Қоблан баланы,
Артта қалар деймісің
Өзіңнен үлкен ағаны?!
Осынау белдің астында
Қосдаулет кетіп барады»,
Тайбурыл атты құтыртып,
Оғанда келді сыдыртып,
“Үлкен едің – арма”- деп,
“Алдыңда – кісі барма” –деп,
О да айтады – аланы,
«Жоқтап едік Қоблан баланы,
Қылшық жүнді қараны,
Осынау белдің астында
Аққозы кетіп барады»,
Тайбурылды құтыртып,
Оғанда келді сыдыртып,
“Үлкен едің – арма”- деп,
“Алдыңда – кісі барма” -деп
Ол да айтады – аланы,
Қылшық жүнді қараны,
Адасты деп ойлап ек
Қобланды сынды баланы,
Осынау белдің астында
Қарақозы кетіп барады»,
Тайбурыл атты құтыртып,
Оған да келді сыпыртып,
“Үлкен едің – арма”- деп,
“Алдыңда – кісі барма” -деп (47-48 беттер).

Бұлай амандасу салты қазіргі таң да ұмытылып барады. Тек қана Бес қаладан (Қарақалпақстан) келген қазақтар арасында кездеседі. Бірақ, олардың басым көпшілігі бұл амандасуды АРЫМА (Шаршама) деп түсінеді. Дегенмен, бұл ұғым да сол АРДАН туындаған баламасы. Қазақ та адамдармен қорғалуға тиіс ұғымдардың бәрін Ар деп жалпылама атай береді. Мысалы, қыз баланың қорғауға тиіс ары – абыройы, ер-азаматтың ары – намысы т.т. болып кете береді.

Бұл тұжырымның растығын айғақтайтын мынадай сөз бар. Үлкендер жастарға арыңды сақта, арыңды қорға деп жатады. Қорғай алмайтындарға “арсыз”, “өй, оңбаған арсыз” деп ұрысады. Демек, бұл сөздің де негізгі мағынасы «Қорғайтын арың бар ма? деген сөз болып шығады.

Меніңше, қазіргі таң да жоғарыда көрсеткенімдей, «Қарақыпшақ Қобланды батыр» атамыз сияқты, амандасу салты Қазаққа ауадай қажет болып тұрған сыңайлы.

Себебі, атасын (руын) танымайтын және ғайбаттайтын арсыздар тым көбейіп барады.

Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім

Дереккөз

Бөлісу