Қазақтың ежелгі ескілігі бұл уақытта ешкімнің де есінде жоқ. Сол себепті алысқа ұзап кеткен заман туралы қай тарихшы сөйлесе де, нобаймен, долбар сөзбен айтады. Дәлді мағлұматтың болмайтын себебі: қазақ ескілігінің жазу күйінде сақталып қалған белгісі жоқ. Сондықтан, соңғы заманда, қазақ елінің жалпы тарихына мағлұмат жиып жүрген Европа жазушылары мен қазақтың өз тарихшыларын алсақ, барлығы да бұл күнге шейін: қазақ елі кім, қайдан шықты, басынан қандай үлкен дәуірлер кешірді деген мәселелердің маңында жүр. Елдің ұзын-ырға тарихын кең көлемді қылып, ішкі, сыртқы өмір жолындағы өзгерістерінің барлығымен қатар алып отырып, толық пішінде құрастыру ауыр болып келеді.

Сол тарихшылардың кейбірі көрсетіп отырған дәуірлерге қарасақ, қазақтың ескі рулары, Шыңғысхан заманынан бергі: түрік, монғол тарихының барлық дәуіріне түгел кіріп, толық араласып отырған. Кейінгі Жәнібек, Керей, Қасым, Ақнияз хандардың тұсында қазақ бірігіп жасаған рулар, ескі уақытта, әлгідей Қазан хандығы, ноғайлы, өзбек бірлігінің бәріне де кірісіп, бірталай өмір жасасып шыққан. Осы кітаптың ішінде тексерілетін батырлар әңгімелерінің барлығы жаңағы айтылған пікірге ел әдебиетінің берген дәлелі, белгісі сияқты болады. Бұл сөздер – біздің елдің жалпы тарихына жанасатын сөздер.

Енді ел әдебиетіне әсер еткен ішкі дүниені алсақ, бұның ерте замандағы пішінін білу әлгіден де қиын. Бұл жолда не айтсақ та, ел ортасында сарқылып қалған таусыншақ белгілерге қарап, долбарлап айтпасақ, көлденеңнен қосылатын көмек жоқ. Қазақтың жалпы тарихына мағлұмат жиюшылар болса да, ескі замандағы ішкі дүниенің дін нанымын, ой сезімін, білім шалымын жиып, сынап, қорытынды жасаған кісі жоқ.

Сол себепті өз бетімізбен долбар жасасақ, қазақ елінің ішкі өмірі екі үлкен дәуірге бөлінеді. Бұның біреуі – ісләм діні кірген соңғы мезгіл. Екіншісі – содан арғы ескі дәуір. Бұл дәуірдің біздің заманымызға жеткен белгілері болса, елдің кейбір әдет салтында, өлең жырында, ескілікті ұғымында қалған белгілер болады. Сол белгілердің ретіне кіретін нәрселер: аспан мен отты қадірлеу; бақсы, жын, албасты, жезтырнақ сияқтыларға нану. Осылардың барлығын құрастырып, сынап келсек, ісләм діні кірмей тұрғанда қазақтың дін нанымы қандайлық болып, дүниені қалайша түсінгенін нобайлауға болады. Қазақтың ескі діні дүниені көп ие билейді деген сеніммен басталады. Сол себепті аспанға (тәңірге) табыну, жер үстінің күштісі деп отқа табыну, дүниенің жасырын сыры – пері, жын сияқтыларына, бақсыларға табыну туады.

Пері, жын бұрынғы қазақтың дін нанымында бүгінгі ісләмнің періштесі сияқты болуға керек. Олардың өздеріне арнаулы меншікті дүниесі болған. Әрқайсысы табиғаттың әрбір тарауының, не адамның көңіліндегі әртүрлі салақияттың түп иесі болуға керек. Бұлардың барлығы қазіргі уақытта бақсының қолында қалған: бақсы – ескіліктің, бұрынғы діннің жер жүзінде қалған жалғыз белгісі, сондықтан ескі нанымның барлығы бақсылық айналасына паналаған. Бұрынғы бақсы, бұрынғы діннің әулиесі, пайғамбары есепті болған. Бақсы бал ашқан уақытта аспанмен, құдайлармен жалғасатын. Соны жалғастыратын періште сияқты өткелі жын болған. Бүгінгі қазақ нанымында жынның қайдан шыққанын ашып айта алмайды. Жынды шығаратын шайтан десе, ол молдалар үгітінше кейінгі мұсылманшылдық ұғымына жанастырған нәрсе.

Бірақ ол анық шешу емес. Бұрынғы құдайлардың ішінде адам баласының өсіп-өнуіне қарсылары болған. Олардың белгісі албастыда. Босанғалы отырған әйелді ғана аңдып келіп басатыны адам баласының өскелі келе жатқан ұрпағымен алысудан, соны тудырушы әйелді қас көргеннен туады. Ізгілік құдай, мейірімді тәңірі болуға керек, әсіресе, от болады. Отты ана деп түсінеді. Отқа арнап құрбандық әкеледі. Көп тілеуді оттан тілейді.

“Жолыңа жұп шырақ” деу, кейінгі қазақтың “әулиеге ат айттым, қорасанға қой айттым” дегені сияқты. Бұл күнде ол заман алысқа кеткен ескі заман болды.

Ол күнде мәдениет жоқ, оның үстіне ісләм діні ескіліктің барлық белгісімен қатты алысты. Ескі дінді еске түсіретін ұғымның бәрін жоғалтып жіберді. Қазақтың әдебиет жолы мен ақыл-білім өсу жолындағы ескі тарихын білемін деген кісі мұсылманшылықтың қалың қараңғы пердесі жауып тұрған мезгілге тіреледі. Мұсылманшылыққа ауысқан соң, қазақ биік белден асып кеткендей болады. Белдің астында көрінбей қалып отырған дүние: баяғы бақсы заманының ескіліктері. Бергі заманға оның белгісі келсе, мұсылманшылық сүзгісінен өтіп келеді, болмаса елдің ерекше сүйіп, айырыла алмағанынан келеді, не дінге кемшілік келтірмейтін әдеттер келеді. Мысалы, жар-жар, беташар сияқты барлық салт өлеңдері. Әйтпесе қазақтың бұрын да талай мейрамы болған. Сол мейрамдарға арналған ойын-жиын өлеңдері бар еді. Барлық түрік жұртының мейрамы – наурыз, бақташылық өмірінен туған. Аспанға табынғаннан туған. Күн шырайы түзелген уақыт құдайдың ізгілік, рақымшылық істегісі келгеннен, сондықтан оған қуанып, той қылу керек болған. Бұл күнде сол наурызға арналған өлең бізге келмей, жетпей, жоғалып отыр. Мұсылманшылық қуып шыққан, жоғалтқан.

Кей уақытта мұсылманшылық пен ескіліктің бітім қылған да жері бар. Ел әуелгі кезде мұсылманшылықты ұстаса да, мұсылманның молдасынан өзінің бақсысын артық көрген. Бақсыда үлкен қуат болып, елдің ықыласын өзіне тартып, билеп отырған. Сондықтан кей жерлерде бақсыға мұсылман әулиелерінің сипатын алып келіп, жамағаны бар. Мысалы, ескі замандарда “абыз” дегендер болған. Абыз деген сөз арабша “хапыз” деп шығады. Ізгі, әулие деген сөз. Бақсы өзі әулие орнында күтулі болады. Мінеки, бұл ескілік пен жаңаның жасаған бітімі. Бұл сияқты ескіліктің азырақ белгісі, жоғарғы айтқан, мұсылманшылық сүзгісінен зорға өтіп келгендер. Мұсылманшылық осы кезде ондаймен алысуда. Сондықтан жылдан-жыл өткен сайын ескілікті еске түсіретін нәрселер жоғалып барады. Солар жоғалған сайын, қазақ тарихына ескілікті білу, іздеп тауып, ұғыну қиын бола бермекші. Қазірде де әдебиет тарихы сияқтыларды тізу қиын. Әуелден алыс жерден бастауға болмайды. Біз әуелі өзімізге таныс бергі заманнан бастау керек. Іздеушілер көбейіп, табылған ескіліктің жұрнақтары көбейген соң, сол бұйымдардан құрап, қолға таяқ алып, ескілікті ерте заманға қарай тереңдетіп, жылжи беру керек.

Мұхтар Әуезов

Дереккөз

Бөлісу