Жексенбі күні Оңтүстік Суданда Джуба халықаралық әуежайынан аспанға көтерілген ұшақ апатқа ұшырады.

Оңтүстік Судан ақпарат министрі Табан Абель Агектің мәлімдеуінше, ұшақ көлге құлаған. Салдарынан кем дегенде 20 адам опат болды. «Кем дегенде 20 адам қаза тауып, үш адам аман қалды», – деді ол.

Аман қалғандардың бірі – италиялық дәрігердің жағдайы ауыр. Қазір оған Йирольдағы ауруханада ота жасалуда.

Оқиғаға куә болғандардың айтуынша, қаза тапқандардың денесі судан шығарылды. Хабарларға қарағанда, мерт болғандардың кем дегенде үшеуі – бала.

Оңтүстік Суданның Джубадағы Азаматтық авиация басқармасының атқарушы директоры Дэвид Субек қайғылы оқиғаны растады. Алайда құрбандардың нақты санын айта алған жоқ.

Соңғы жылдары Оңтүстік Суданда бірнеше әуе апаты болды. 2017 жылы ауа райының қолайсыздығынан шағын ұшақ құлап, төрт жолаушы зардап шекті.

2015 жылы бортында жолаушылары бар ресейлік жүк тасымалдаушы ұшақ құлап, ондаған адам қаза тапқан болатын.

Дереккөз

Бөлісу