Қатонқарағайдың төрінде Өрел, Берел дейтін егіз ауыл бар. Өрелді таңбалы жартастар мен үңгірлердің паркі деуге болады. Ал Берел «Алтын адам» табылған патшалар жазығымен танымал. Жыландай ирелеңдеген қара жол болмаса, қорымды картасыз табу мүмкін емес. Құдды дұшпанның сұғынан жасырып қойған пантеон дерсің.

Сұлу да сұсты табиғат

Берел жазығының тарихи құндылығын сезіну үшін басына бару керек. Аумағы 174 гектар жазықта аяқ алып жүрудің өзі мұң. Екі аттасаң, бір оба. Бұлқынып аққан Бұқтырманы жағалай отырып, екі жағын қарағайлы тау қоршаған кең сайға тап боласыз. Сұлу да сұсты табиғат бұл жердің киелі екеніне еріксіз иландырады. Алда-жалда қиыс басып, мәңгілік дамыл тапқан аруақтарды қорлайтындай әрекетке барсаңыз, күнгей беттегі төбеден төніп тұрған жақпар тастар үстіңізге домалай салғалы тұр. Ал теріскейге тұтасып біткен қалың қарағайдың ішінде Ашинаның бөрі рухы сізді бақылап тұрмағанына кім кепіл? Тау етегімен арқырап ағып жатқан Бұқтырманың тылсымы өз алдына. Күндіз аруақтардың мазасын алмайын дегендей даусын ішіне жұтып ағады да, қас қарая гүрілі зорайып, құлақ тұндыра жаздайды. Оған құстың шуы мен желдің гуілі, бұғының әупілі қосылғанда Берел жазығы азан-қазан табиғат театрына айналып шыға келеді.

Қолына археологтың аса таяғын алғалы Берел қорымын аршып келе жатқан Зейнолла Самашев бұл жазықта 100-ден астам оба барын айтады. Ғалым осыншама мол «материалды» шетінен кертіп қана зерттеуде. («Алтын шыққан жерді белден қаз» деген қағида археологияға жүрмесе керек). Ресми тарих бұл обалар біздің заманымызға дейінгі бірінші мыңжылдықтың екінші жартысында өмір сүрген тайпалық одақтардан қалғанын айтады. Зейнолла Самашев сол тайпалық одақтар ғұн және түркі өркениетінің бастауында тұрған сақтар мен сарматтар екенін дәлелдеп жүр. Қорымдағы ең көне обалар б.з.д. 4-3 ғасырларда, яғни осыдан  2400-2300 жыл бұрын үйілген. Ал кейінгілері 1200-1300 жыл бұрын жасаған көне түркілер дәуірімен сәйкес келеді. Осыған қарап, 1000 жыл көлемінде бұл мекен тұтас бір өркениеттің ұйығы болған деп топшылауға келеді. Ал Берел қорымы сол өркениетті жасаушы жұрттың аяулы адамдары қойылған пантоен болса ше?

Қобыздың отаны – Қарақаба

Бір емес, екі мәрте Алтын адам табылған Берел қорымы сақтардың алтын шеку технологиясын 2000 жыл бұрын меңгергенін әлемге әйгілеп берді. Ағаш пен темірді алтын фольгамен қаптау қазірдің өзінде аса күрделі процесс болып саналады. «Алтай» сөзін көне түркінің «Алтын тағ» тіркесінен шықты дейтіндерге бұл таптырмас дәлел.

Іргедегі қытай жұрты әлем игілігіне жараған төрт тапқырлығы ретінде қағаз, жібек, оқдәрі мен компасты атағанда біздің тіліміз күрмеле беретіні бар. З.Самашев бастаған зерттеушілер оған да жауап тапқан сияқты. Жер бетіндегі ең көне ауыздық 2017 жылы осы Төр Алтайдан шығыпты. Ал 2013 жылы Берелден жарты күндік жердегі Тарбағатай жайлауында Қарақаба өзенінің бойынан жауынгердің сүйегі мен әлемдегі ең көне қобыз табылған болатын. Әйгілі Қобызшы Әлқуат Қазақбаев аталмыш атақобыз әлемдегі ыспалы аспаптардың атасы деген пайым айтады. Бүгінде ол жаңғыртылып, Астанадағы мұражайлардың біріне қойылған.

Мағжан ақынның «Қорқыт» поэмасында:

«Бір күні шошып тұрып көргендей түс,

Кесіп ап қарағайдан қылды қобыз.

Қыл тағып қобызына сөйлетіп ед,

Алтайды күңірентіп шықты лебіз», – деп жырлауы тегін болмаса керек. Оған жоғарыда аталған алтын шеку технологиясын қосыңыз. Демек, көне түркі өркениеті де адамзат игілігіне ауадай қажет дүниелер тапқырлаған.

2014 жылы сол Қарақаба обасының басына Әзербайжан, Қырғызстан, Татарстан, Түркия, Монғолия және Қазақстанның белгілі түркітанушы ғалымдары түнеп қайтқан болатын. Халықаралық түркі академиясының  ұйымдастыруымен өткен экспедиция «Алтай – алтын бесік» деген ат алған сонда. Сол сапарда Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі бізге берген сұхбатында Берел қорымы мен Қарақаба обасының арасында байланыс бар деген болжам айтып еді.  Ол қандай байланыс дейсіз ғой? Өреміздің жеткенінше ой сабақтап көрейік.

«Ергенеқон» аңызы

Қазаққа етене таныс Жерұйық пен Жиделібайсын әпсанасына ұқсас Ергенеқон атты түркі аңызы бар. Түріктердің өздерін Алтайдан таратуының негізінде осы алтын аңыз жатыр. Бабаларымыз Алтай үшін болған кезекті бір шайқаста ойсырай жеңіліс тапса керек. Пейіштің төріндей боп кеткен құт мекеннен жұрт үдере көшуге мәжбүр болады. Ел көсемдері босқан елді адам түгіл аттың аяғы жетпейтін биік құздардың ортасындағы аламан жазыққа бастап әкеледі. Жаңа мекен қауіпсіз болғанымен қоймай, малға шүйгін еді. Бірақ бабалардың сүйегі қалған ескі жұртқа деген сағыныш түркілерді еш босаңсытпаған екен. Амал нешік, атажұртқа қайтуға қатаң тыйым салынған болатын.  Жаудан сағы сынған қауымның өзгелермен иық тірестіруі  қиын болатынын білген көсемдер шайқасқа қатысқан буынның соңғы өкілі өлгенше бұл жерден көшпеу қажет деген өсиет қалдырады. Байқайсыз ба, аңыздың осы тұсы перғауындардың құлдығынан босаған еврей жұртын 40 жыл еш қауыммен араластырмай өмір сүргізген Мұса пайғамбардың көрегендігіне ұқсайды.  Заман өтіп, буындар алмасады. Соғыста сағы сынған әкелердің орнына азат өскен жаңа ұрпақ келеді. Бұл кезде босқан жұрт өскен, өнген елге айналады. Қара Қабаның жазығына мал-жаны сыймай бастайды. Қобыз үні қайта оянып, елдің рухы жаңғырады. Осы кезде ел тұтқалары бабажұртқа оралып, ескі мекенді жаудан азат ету керек деген шешімге келеді.  Алайда, арада бірнеше буын алмасқандықтан, жалама құздардан етекке түсетін жолды білер пенде қалмаған еді.  Мың ойланып, сан толғанған ел тұтқалары ерекше амал ойлап табады. Көсем жарлығы бойынша жүздеген іріқара сойылып, терісінен үлкен көрік тігіледі. Сол көрікпен от үрлеп, Алтайдың кенге толы құзын балқытып, ел етекке Тескентау арқылы түскен-міс. Жұрт дағдарған сәтте Ашинаның бөрі рухы жол сілтеп отырған дейді көне аңыз. Қарақаба обасының теңіз деңгейінен 1200 метр биіктікте жатуы, жан-жағының құз жартастармен қоршалуы, Берел жазығының одан төменде қалуы Ергенеқон оқиғасы осы аумақта болған-ау деген ойға еріксіз жетелейді. Оның үстіне сол Қарақаба жазығында көне түркілер металл балқытқан ошақтың жұрнағы табылған.

Шекара күзеткен обалар

Алтайдың Шабанбай жайлауынан сәл әріректе Бөгенбей найзасын қадады дейтін асу бар. Жоңғарды Алтайдан түре қуған қалың қолды баһадүр осы асуда тоқтатыпты.

«Осы жерге дейін жау кіргізбей ие болсақ та, аз олжа емес» деп найзасын қадаған дейді Бөгенбай. Сол асу Берелден онша қашық емес. Батырдың өсиетін баба бейіттер қалтқысыз орындауда. Ата жолында жоқ ілімге бет бұрып, оба тінткен Зейнолла Самашевтің ізденісі де сол өсиетпен сарындас.  Алтайдың «ортақ үй емес», «түркі әлемінің алтын бесігі» екенін дәлелдеу үшін көз майын тауысып жүр З.Самашев бастаған археологтар. Өзбекстан мен Қазақстан шекарасы белгіленген тұста Жанқожа батырдың бейіті бір тартысты қазақтың пайдасына шешіпті деген дерек айтылады. Шекаралық аудан Үлкен Нарынға қосылған 20 жылдың көлемінде мұндағы елдің саны еселеп азайған. Ел шеті жалаңаштанған шақта жанға медеу осы көне қорым болып тұр. Кейбір көшпелі жұрттарда баба сүйегін шекараға жерлеу тәсілі бар. Ел шетіне жау тигенде сүйек қорлатпау үшін халық жаппай атқа мінетін болған.

Р.S. Берел жазығын аспан асты музейге айналдыру идеясы ептеп жүзеге аса бастады. Біздің заманымызға дейінгі IV ғасырға жататын адам сүйегі мен 7 жылқының қаңқасы табылған №2 оба әйнекпен қапталып, саркофаг ретінде қайта жарақталды. Бір қарасаңыз  осынау қастерлі қорым хан-сұлтандар мен батыр-билер жатқан  Түркістанды еске салады. Ұлылар мен ұлықтарды бір зиратқа көму  дәстүрі Түркістанға Берелден жетуі бек мүмкін ғой.

Дереккөз

Бөлісу