сурет inform.kz сайтынан алынды

Сейсенбі күні таңертең Таиландта үңгірден балалар мен жаттықтырушыны эвакуациялау бойынша төтенше-қауіпті операцияның үшінші кезеңі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат CBS NEWS-ке сілтеме жасап.

Жексенбі күні төрт бала құтқарылса, дүйсенбі күні тағы төртеуі үңгірден жердің бетіне  шығарылды.

Құтқару операциясының басшысы оларды күн сайын төрт адамнан эвакуациялауды жоспарлап отырғанын мәлім етті. Құтқару операциясы көп уақытты алады, себебі барлық оттегі баллондарын толтыру үшін 20 сағат қажет.

11-16 жас аралығындағы балалар мен 25 жастағы жаттықтырушы жеті шақырымдық Тхам Луанг үңгіріне қамалып қалған. Олар кезекті жаттығудан кейін оны зерттеу үшін барған. Таиландта кенеттен су тасқыны болып, соның салдарынан үңгірден шыға алмай қалған. Құтқарушылар оларды 10 күн бойы таба алмаған.

Әр балаға екі дайверден тартылды. Олар эвакуация кезінде үңгірдің қауіпті тар өткелінен өтуге көмектесуде.

Таңертең Таиланд билігі қалған балалар мен жаттықтырушыны бүгін таңертең эвакуациялайтынын мәлім етті. Әзірге құтқару операциясына Илон Масктың Таиландқа жеткізілген шағын субмаринасы қатысатыны белгісіз.

Айта кетейік, құтқару операциясы өте қауіпті. Оның барысында әр балаға сүңгуір маскасы кигізіледі. Операция кезінде балалар ештеңе көрмейді, себебі үңгірдегі су тұнық емес. Сүңгуірлердің бірі оттегі баллонын өзіне тартып, баланы ұстап тұрады. Ал, екінші сүңгуір артынан жүзіп отырады. Осы уақыт ішінде үшеуі де лай суда жоғалып кетпес үшін тартылған арқаннан ұстап отыруы тиіс.

Олар су астында барлығы 2,5 миль (3,2 шақырым) қашықтықты жүзіп өтуі керек.

Сүңгуірлер кей жерлерде баланы жіберіп отыруға мәжбүр. Себебі, үңгірде ені 15 дюйм (38 сантиметр) болатын тар өткел бар. Кейін дәрігерлер құтқарылған балаларды тексереді.

Еске сала кетсек, 23 маусым күні Таиландтағы ұлттық парк қызметкерлері үңгірге кіре берісте мотоцикл мен велосипедтерді, спорттық жабдықтарды тауып алған. Олар жергілікті футбол командасына хабарласып, ол жақтан табылған заттардың шынында да 11-16 жас аралығындағы 12 мектеп оқушысына және 25 жастағы бапкерге тиесілі екенін растаған. Олар адасып кеткен үңгірдің іші 10 шақырымдық жолдарға бөлінген. Бірнеше шығатын және кіретін бөліктері бар. Таиланд билігі үңгірде хабарсыз кеткен балаларды құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ,  канадалық-америкалық инженер және өнертапқыш Илон МаскТаиландта су алған үңгірде қамалып қалған оқушыларды құтқаруға арналған шағын суасты қайығын ойлап тапқаны туралы жазған болатынбыз.

Дереккөз

Бөлісу