сурет inform.kz сайтынан алынды

Түркия батысындағы Текирдаг провинциясында жолаушы пойызының аударылуы салдарынан қаза тапқандар саны 24-ке жетті, деп хабарлайды «Анадолы» агенттігі.

Түркия вице-премьері Реджеп Акдаг оқиға орнындағы іздестіру-құтқару істері 9 шілде күні таңертең 06:00-де аяқталғанын мәлімдеді.

Шенеунік оқиғаның себептері егжей-тегжейлі тексеріліп жатқанын жеткізді.

Денсаулық министрі Ахмет Демирджанның айтуынша, 318 жолаушы ауруханаға жеткізілген, соның 124-і тұрақты емделіп жатыр.

Еске сала кетейік, кеше түнде Түркияның Текирдаг провинциясының Чорлу ауданында Капикуле-Ыстанбұл бағдарындағы, 362 жолаушысы, 6 теміржол қызметкері бар пойыздың рельстен шығып кеткенін хабарлаған болатынбыз.

Елдің Көлік министрлігінің мәліметінше, оқиға жауын-шашыннан топырақтың жұмсаруынан болған.

Ақпарат көзі: inform.kz

Бөлісу