сурет inform.kz сайтынан алынды

2018 жылдың 16-17 маусымында Ханчжоу қаласында Қытайдағы қазақстандық студенттер қауымдастығының (KSAC) 7-ші құрылтайы өтті, деп хабарлайды Қытайдағы «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

Осы форумға Қытайдың 16 қаласынан 300-ден астам қазақстандық студент қатысты. Құрылтай аясында «Қазақстандық студенттер қауымдастығының жастар өміріндегі рөлі» конференциясы өтті. Конференцияда Шанхайдағы ҚР Бас консулы Жошыхан Қыраубаев, ҚХР-дағы ҚР Елшілігінің білім беру және мәдениет жөніндегі кеңесшісі Қайрат Әбдрахманов, Азия мен Океаниядағы ҚР БҒМ Халықаралық бағдарламалар орталығының өкілі Берік Сүлейменов, Ханчжоу экономика және қаржы университетінің проректоры Хуан Цзяньсинь сөз сөйледі.

Қазақстандық дипломаттар студенттерге Қазақстан Президентінің және Үкіметінің бастамалары туралы, оларды жүзеге асыру барысы туралы айтып берді. Студенттік ұйымды одан әрі жетілдіру бойынша жоспарлар мен пікірлерді талқыға салып, студенттерді академиялық және ғылыми жетістіктерін арттыруға, біздің халқымыздың дәстүрлері мен мәдениеттерін белсенді түрде насихаттауға шақырды.

Құрылтайдың қорытындысы бойынша меморандумға және KSAC жалпы жарғысына қол қойылды. Сондай-ақ, Қазақстанның инвестициялық жобалары мен сыртқы сауда қызметіне қатысатын және қазақстандық студенттерді тағылымдамадан өткізуге және жұмысқа қабылдауға дайын қытайлық компания өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Құрылтайдың ресми бөлімі аяқталғаннан кейін студенттер әлемдегі ірі Alibaba электрондық коммерциялық компаниясының кеңсесіне барды.

Ақпарат көзі: inform.kz

Бөлісу