сурет Қазақпарат сайтынан алынды

Батыс Қазақстанда белгілі әнші-термеші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қаламқас Орашеваға арналған «Көмейінде күміс жыр» атты ІV республикалық қыз-келіншектер байқауы мәреге жетті.

Өмірден ерте кеткен Қаламқас Орашеваның (1953-1988) туған жері – Ақжайық ауданында өткен әнші-термешілердің байқауына еліміздің өңірлері мен Астана, Алматы қалаларынан барлығы 18 үміткер қатысып, бақ сынады. Солардың 14-і екінші кезеңге өтті.

Додаға түскендер кезінде Қаламқас орындаған Нұрпейістің «Нарқыз», «Төрехан», Махамбет пен Базар жыраудың толғау-термелерін, әншінің ұстазы Ғарифолла Құрманғалиевтің туындыларын орындады.

Қазылар алқасының шешімімен Қаламқас Орашева атындағы бас жүлдені (500 мың теңге) оралдық Әмина Ғайнединова жеңіп алды. Қызылордалық Зүлфия Баймұрзиева бірінші (350 мың теңге), маңғыстаулық Жанар Нұрмұханова екінші (200 мың теңге), оралдық Ақмарал Кемелханова үшінші (100 мың теңге) ие болды. 75 мың теңгеден Жақсылық Сәрсенғалиев атындағы жүлде Жаңаөзен қаласынан келген Дәмегүл Ізбасароваға, Қалампыр Рахимова атындағы жүлде алматылық Жанаргүл Сәркеноваға, Амангелді Ғұбайдуллин атындағы жүлде атыраулық Аружан Ерімоваға, Көшерғали Макаров атындағы сыйлық астаналық Зинат Қасымоваға табыс етілді.

Белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазылар алқасының төрағасы Қатимолла Бердіғалиев ұлттық өнерді насихаттаушылар мен тойды өткізуге атсалысқандардың бәріне ризашылығын білдірді.

«Қаламқас Орашеваның термешілік-жыршылық өнерін жалғап, алға апару – баршамыздың парызымыз. Тума талантымен халқына танылып, жүректерге жол тапқан әншінің есімі елі барда ешқашан ұмытылмақ емес. Рухы жаңғырып, Ақ Жайық аспанында әндері қалықтай беретіні анық», – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев.

Ақпарат көзі: inform.kz

Бөлісу