Алматыда 20 жастағы келіншек босанған соң көз жұмды. Марқұм Әнел Артықованың анасы бұған дәрігерлерді кінәлап отыр. Айнаш Сазбаева қызының денсаулығына немқұрайлы қараған дәрігерлерді сотқа бермек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айнаш Сазбаеваның айтуынша, қызы Әнел Артықова Алматы қалалық перинатология және балалар крадиохирургиясы орталығына 28 қаңтарда толғатып түскен.

Таңғы 9-дан түнгі 2-ге дейін босана алмаған соң, дәрігерлер оны кесір тілігіне жіберген.

Нәресте аман-есен туған. Ал анасының денсаулығы үшінші күн дегенде нашарлай бастаған.

«Үшінші күні қызым ыстығы көтеріліп, қалтырай бастаған. Перзентханада дәрігерлер система салып, қызуын түсіруге тырысты. Жағдайы жақсарған сияқты болды. 7-тәулікте қызым үйге шығып келді. Бірақ қызуы түспеді. Дәрігерлер отадан соң солай болады деді. 10-тәулік дегенде тігістің жібін алдыруға барғанда жара жақсы жазылып келе жатыр деп қайтарып жіберген. Үйге келгенде мүлде жағдайы нашарлап, тамақ ішуден, жүріп-тұрудан қалды. 12-тәулік болғанда жедел жәрдеммен орталық клиникалық ауруханаға алып кетті. Онда дәрігерлер консилиум жинаған. Айтуынша, 2 литрге жуық іріңді су алған», – деді анасы Айнаш Сазбаева.

Әнел соңғы отадан соң оянбай қалған.

«Мен баламды босандыруға әкелдім. Оның артында екі баласы жетім қалды. Екі аптада қызым көз алдымда солып барып көз жұмды. Бұл дәрігерлердің ұқыпсыздығы деп білемін. Белгілі болғандай, қызымда босанудан кейінгі сепсис болған екен. Тіккен жіптері ағзада қалып қойған», – деді анасы.

Айнаш Сазбаева қызының денсаулығына немқұрайды қараған тұлғаларды соттатуға дайын екенін айтты.

«Олар үйге бірнеше рет келіп, кешірім сұрады. Конверт бермек болды. Қызымды перзентханадан шығарар кезде УЗД, талдау жасамаған. Мен оларды соттатуға дейін барамын», – деді ол.

Келіншектің өлімінен соң мамандар орталықта тексеру жүргізген. Нәтижесінде дәрігерлер тарапынан бірқатар заңбұзушылық болғаны анықталған.

«Комиссия бірнеше заңбұзушылық болғанын анықтады. Босанған келіншектің жағдайын дұрыс бақыламаған. Жағдайы қиын екендігіне дұрыс баға бермеген. Анамнез толық жиналмаған. Перзентханадан шығармас бұрын жасалатын шаралар толық жүзеге аспаған. Пациентті амбулаториялық-емханалық бақылау деректері де болмаған», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Майра Үкібай.

Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, барлық деректер құқық қорғау органдарына тапсырылды.

Ақпарат көзі: inform.kz

Бөлісу