Алаш көшбасшысы, Ұлт көсемі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан: «Қазақты аутономия қылсақ, Қараөткел Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұлын, қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш-Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау!» -деп, осыдан 1 ғасыр бұрын Алаштың арман-мұратын аманаттап кеткендей.

Алаш көсемінің 1 ғасыр бұрынғы тілегі еліміз егемендігін алған уақытта жүзеге асып, бағымызға орай бұл арманның орындалуы бүгінгі ұрпақтың еншісіне тиді. Әлихан Бөкейхан атап айтқан Қараөткел – Ақмола өңірінің байырғы жер атауы, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның астанасы. Елімізде азаттықтың алғашқы жылдарында-ақ бас ордамызды Алматыдан Ақмолаға (Астанаға) көшіріп, батыл қадамдар жасалды. Астананы Алаштың ордасына айналдыру идеясы, сол кездерде, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың да көкейінде жүргеніне, оның «Қазақстан үшін Ақмоланың орны ерекше… Маған салса, шіркін астана болар жер – Қазақстанның кіндік орталығы, батысқа да, шығысқа да, солтүстікке де, оңтүстікке де қашықтығы бірдей, жетпіс жеті жолдың торабында тұрған Ақмола емес пе…» деген мақсатты сөзі айқын дәлел. Елбасының Астананы көшіру, салу, қалыптастыру туралы бастамасы біздің тәуелсіз мемлекетіміздің өміріндегі ең үлкен тарихи шешім екені сөзсіз. Астана –  бүгінде әлем қызыққан әсем қалаға айналды. Биыл күн санап көркейген бас қаламызға – 20 жыл толып отыр. Бұл – күллі қазақ жұртына ортақ айтулы меже.Расында, бүгінде қазақ халқы Әлекеңдердің мұратына жетіп отыр деуге болар. Астана төрінде әлемнің үздік оқу орындарымен иық тіресер түрлі университеттер салынып, зәулім ғимараттар бой көтеріп, Алаштың Әлиханы айтқан Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақып сынды тағы басқа тарихи ұлт тұлғаларының есімдері ұлықталып, мұралары жан-жақты насихатталып жатыр.

Тәуелсіздіктің бойтұмары, символына айналған Астана және Азаттық ұғымдары бір-бірін толықтырып тұратын ұғымға айналғанын бүгінгі Астана қаласында атқарылып жатқан істерден көруге болады. Астанада әр жылдарда қазақ халқының тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтау үшін күрескен Керей-Жәнібек, Абылай хан, Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр, Кенесары бастаған ұлы тұлғалардың, батырлардың, Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбайұлы бастаған Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің, Ақтамберді жырау, Біржан сал, Абай, Мұхтар бастаған әдебиет пен өнер өкілдерінің, ғалымдардың, Балуан Шолақ, Қажымұқан бастаған қазақтың спорт шеберлерінің, Смағұл Сәдуақас, Жұмабек Тәшенұлы бастаған белгілі тұлғалардың, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, әлемдік тұлғалардың есімдеріне, халықаралық атауларға, әдеби кейіпкерлерге, қазақ аналарына және кәсіби, дәстүрлі, жер-су атауларына көшелер мен даңғылдар берілген.

Қазақстан елордасының Алматыдан Астанаға ауысқан 20 жыл ішінде 27 Алаш қайраткеріне көше беріліпті. Астана қаласындағы Алаш қайраткерлерінің есімдерімен аталатын көшелер: Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышпаев, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхаммедұлы, Жаhанша Досмұхаммедұлы, Ағайынды Бірімжановтар, Әлімхан Ермеков, Айдархан Тұрлыбаев, Уәлитхан Танашев, Смағұл Сәдуақас, Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Халел Ғаббас, Сұлтанбек Қожанұлы, Хайреддин Болғанбаев, Жаһанша Сейдалин, Қошке Кемеңгерұлы, Телжан Шонанұлы, Ғұмар Қараш, Жақып Ақбай, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Аспандияр Кенжин, Мұхамеджан Сералин, Нәзір Төреқұлұлы, Шаймерден Қосшығұлұлы. Сондай-ақ, Астанада Алаш деп аталатын тасжол бар екенін ерекше атап өту қажет.

Міне, анықтамалық сипаттамаға қарап-ақ, елордада Алаш алыптары барынша ұлықталып жатқанын, Астанада Алаш қайраткерлерінің есіміне көше беру мәселесі айтарлықтай тиімді жүргізіліп жатқанын аңғаруға болады. Бұл Қазақстан елордасының Астанаға көшірілген 20 жыл ішінде іске асырылды. Сондықтан, Астана қаласы – еліміздің тұтас рухани айнасына айналуы керек деп есептеймін. Осының барлығы бас қаланың руханиятына, идеологиясына тікелей жауап беретін мекеменің, сонымен қатар, мемлекет және қоғам қайраткерлерінен, зиялы қауым өкілдерінен, депутаттардан, ғалымдардан, қаламгерлерден, қоғам белсенділері мен тіл жанашырларынан құралған ономастика комиссиясының, елордалық алаштанушылардың және алашшыл, ұлтшыл – бүгінгі ел жастарының сүбелі үлесі, біріккен күші hәм ерен еңбектері екені хақ. Алаш арыстарына көше беру, мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, алаштанушы-ғалым Ербол Тілешовтердің Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасының басшысы болып тұрғанда басталған еді. Бүгінде бұл игі істі Тлеуғали Қышқашбаев ағамызда сәтті жалғастырып отыр.

Ұлы істердің басында тұрған ұлт перзенттері, соның ішінде, Алаш ардақтылары барынша ұлықталып, насихатталып, тарихи биік бағасын, құрметін алуы тиіс. Астанадағы Алаш мәселесі мүмкіндігінше шешіліп жатыр. Ендігіде, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Туған жер», «Туған ел», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобалары аясында ұлт азаттығы жолында жанын құрбан еткен,барын құрбан еткен, Алаштың саяси көсемі Әлихан Бөкейханға, Алаштың рухани көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына және басқа да Алаш қайраткерлеріне ескерткіштер орнатылса, олардың есімдері нысандарға, оқу орындары мен мектептерге берілсе, Алаш атаулы алаң-саябақтар ашылса деген тұнық тілек бар. Бұл шешімін табуды талап ететін аса маңызды мәселе. Өзінің өткен тарихын, мәдениетін, әдебиетін, руханиятын білмей, көрмей, оқымай, оларды санасына сіңірмей өскен ұрпақ – рухани әлсіз болады әрі азаттықтың құнын ешқашан ұғына  алмайды. Осы тұста, Әлихан Бөкейханның «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынан өзі де жоғалуға бейім тұрады..» деген қамшы сөзі қатты ойландырады.

Бөлісу