Ішкі істер министрі Қ.Қасымов бастаған Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын насихаттау жөніндегі республикалық ақпараттық топ Қызылорда облысында өз жұмысын бастады,-деп хабарлайды alashakparat.kz медиа порталы министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қалмұханбет Қасымов Елбасы Жолдауының негізгі міндеттері талқыланған облыс әкімі Крымбек Көшербаевтың халыққа есеп беру кездесуіне қатысты.
Түсіндіру жұмыстары шеңберінде өткізілген облыс активімен кездесу барысында министр басты құжатта көрсетілген негізгі басым бағыттарға сипаттама беріп, алға қойған мақсаттарды іске асыру бағытында ел Үкіметі қабылдап жатқан шаралар туралы әңгімеледі. Кездесуде Төртінші өнеркәсіптік революцияны іске асырудың маңызды бағыттарына, заманауи құқықтық және қауіпсіз қоғам құру мәселелеріне баса назар аударылды.
Бұдан соң министрлік басшысы азаматтарға жеке қабылдау өткізіп, өңір тұрғындарының нақты мәселелерімен танысты, сонымен бірге азаматтарды алаңдатқан мәселелерді жедел шешу жөнінде тапсырма берді.
Сапар барысында министр ішкі істер, төтенше жағдайлар және қылмыстық атқару жүйесі департаменттерінің жеке құрамымен кездесті. Бұл кездесуде Қ. Қасымов Жолдаудан туындайтын міндеттерді іске асыру үшін ішкі істер органдары қабылдайтын негізгі шараларға нақтырақ тоқталып, басым бағыттарды пысықтады.
«Қазіргі заман талаптарына сай болу үшін Президент Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы ішкі істер органдары қызметін жаңғыртуға және технологиялық дамуына жаңа серпін беруі тиіс»,- деп атап өтті ішкі істер министрі әріптестері алдында.
Келесі кезекте Қ. Қасымов жергілікті полиция қызметінің, кезекші бөлімнің және қажетті құралдармен қамтамасыз етілген көшпелі полиция бекетінің жұмысымен танысты. Министр ғимараты толық қайта құрастырудан өткен қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде болды. Мұнда бұрынғы жапсырмалап салынған үй-жайдың орнына халықаралық стандарттарға сәйкес сотталғандарды камералар бойынша ұстауға арналған жатақханалар тұрғызылған. Сонымен бірге министр сотталғандардың кәсіптік білім алуы және өңірдің бизнес құрылымдарын тарта отырып, қосымша жұмыс орындарын құру мәселелерін талқылады.
Министрлік басшысының назарына ІІД оқу-жаттығу орталығының, Жалағаш АІІБ және Арал ауданындағы Сексеуіл полиция бөлімі құрылыстарының жобалары ұсынылды.
Сонымен қатар Қ. Қасымов өткен жылы республика бойынша ұйымдастырылған слёттің жеңімпаздары болған жол қозғалысының жас инспекторларымен кездесіп, оларға жол қауіпсіздігі ережелерін жетік игергендері үшін алғысын білдіріп, олардың осынау ұлағатты істерімен қоғамдық тәртіпті нығайтуға өз үлестерін қосып отырғанын және бұл Президентіміз Н.Ә. Назарбаев белгілеген міндеттердің бірі болып табылатынын атап айтты.

 

Бөлісу