“Ninety One” тобының мүшесі Дулат Мұхаметқали (ZaQ) “Жас Отан” қатарына өтуге ниет білдірді, деп хабарлайды Today.kz “Нұр Отан” партиясы “Жас Отан” ЖҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

18 қаңтардан бастап “Нұр Отан” партиясы “Жас Отан” Жастар қанаты Орталық кеңес мүшелерінің онлайн сайлауын жариялады.

Еліміздің барлық аймағынан 16 көшбасшы 4 жылға тағайындалады. 16 көшбасшының бірі “Ninety One” тобының мүшесі Дулат Мұхаметқали болуы мүмкін.

“Ninety One” тобы – өзіндік стилімен қазақ эстрадасында резонанс тудырған 5 мүшеден тұратын қазақстандық бойз-бэнд.

2015 жылы “Айыптама” әнімен алғаш сахнаға шықса, осы әнге түсірілген бейнебаян 20 апта бойы музыкалық арналардың үздіктер тізімінде болды. Ал осы жылдың 1 желтоқсан күні “Айыптама” атты дебютті мини-альбомын таныстырды. Жарты жылдан соң, 2 маусымда “Қайтадан” әніне топтың жаңа бейнебаяны жарық көрді.

Топ өнер көрсеткен үш жылда “Ninety one” автобиографиялық фильмін және “Қағаз кеме” сериалын түсіріп үлгерді.

Сайлауға келетін болсақ, Дулат Мұхаметқали Орталық кеңес мүшелігінде болуға ниет білдіруі – “Жас Отан” мен жалпы жастар саясатын күрделі өзгерістер күтіп тұрғанының белгісі. Одан өзге, сайлауға үміткерлер қатарында жас кәсіпкерлер мен өзге де мамандық иелері бар. Орталық кеңес мүшелерін онлайн дауыс беру жолымен таңдауда ұйымның мақсаты әр аймақтан дарынды, қоғамда өзгеріс енгізуге қауқарлы жастарды таңдау болса, ұйым өз дегеніне жетуге жақын десе болады.

“Жас Отан” жоғары өкілетті органы – Орталық Кеңесінің сайлауы алғаш рет өткізіліп отыр. Сайлау 2 кезеңнен тұрады. 1-кезеңде үміткерлер тіркеуден өтеді. Ал 2-кезеңде үміткерлер 9 ақпанға дейін #JasOtanSailau хэштегімен Instagram парақшаларында жариялаған видео жолдауына 5000 лайк жинаулары қажет. Ал әлеуметтік желі қолданбайтын үміткерлер қол жинау арқылы 500 адамның қолдауына ие болулары міндетті. Сондай-ақ, 11-16 ақпан аралығында жеткілікті қолдау жинаған үміткерлерге Telegram платформасында онлайн дауыс беру өтеді. Дауыс беруге “Жас Отан” мүшелері қатыса алады. 17 ақпан күні “Жас Отан” Орталық кеңесінің 16 мүшесі белгілі болады.

Бөлісу