Қарағандыда өз-өзіне қол салған 13 жастағы оқушы қыз желідегі ешқандай қауіпті ойындардың мүшесі болмаған. Мұны мектепте қызметтік тексеріс жүргізген білім бөлімінің мамандары айтып отыр, деп хабарлайды КТК арнасы.

Естеріңізге салсақ 3 ші ақпан күні 7 сынып оқушысы өз бөлмесінде жіпке асылып өлген еді. Дегенмен марқұмның туғандары оны бұл қадамға әлеуметтік желідегі досы итермеледі дейді. Айтуларынша ол Настяға жіпке қалай асылуды түсіндіретін жазбалар берген.

13 жастағы Настя жіпке асылып тұрып, өзін селфиге түсірмек болған дейді туғандары.  Қалтасындағы телефоннан желідегі досының жіберген осыған ұқсас фотолары мен нұсқаулары да табылыпты.

“Жіпке асылып тұрып селфи жасауға нұсқау берілген. Суретке түскен соң жіпті қайшымен қиып жіберу керек екен. Ұялмай  бізге көңіл айтып, өзінің кінәсі жоғын жеткізіп, өз аккаунтына ашық жазған көрінеді. Бұл басынғандық қой”, – дейді Настяның әпкесі Светлана Кулакова.

Туғандары Настя ол адамның көптеген тапсырмаларын орындағанын айтады. Сөздерінше, қолына суретер салып, үйдің шатырында селфиге түсіп, соған жіберіп тұрған екен. Дегенмен, білім бөліміндегілер мектеп оқушысының ешқандай қатерлі ойынның мүшесі болмағанын айтады. Керісінше, үнемі ашық-жарқын жүретін ол мәнерлеп сырғанаудан спорт шебері де болған.

“Көк кит немесе қызыл үкі деген ойындарға мүлдем қатысының болмағанын анықтадық. Құрбылары мен сыныптастарынан тегіс сұрап шыққанбыз. Өзі ақжарқын, үлгерімі де жақсы болған. Ал бір баламен үнемі хат жазысып тұрғаны рас екен. Оның жай-жапсарын тергеушілер тексереді”, – дейді Қарағанды қаласы білім бөлімінің бас маманы Наталья Головина.

Қауіпті ойынға қатысы немесе желідегі хат жазысқан адамды тергеу анықтауы тиіс. Алайда полиция мен прокуратура әзірге бұл іс бойынша ешқандай ақпар бермей отыр. Ал оқушы қызға хаттар келіп тұрған белгісіз адамның желідегі аккаунттарының барлығы өшіріліп тасталған.

Жариялағанstan.kz
Бөлісу