Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Дамир Шыныбеков Елбасының биылғы Жолдауы IT саласына жаңа бір тың серпін беріп отырғанын айтып, университет қабырғасында атқарылып жатқан шараларға тоқталып өтті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Сарапшы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауына қатысты мәлімдемесін әдеттегідей зор ықыласпен тыңдағанын айтады. Оның айтуынша Президентіміз жыл сайынғы Жолдауларындағыдай, бұл жолы да еліміздің дамуының басым бағыттарын көрегенділікпен дөп баса білген.

«Тәуелсіздікке қол жеткізген 26 жыл ішінде Қазақстан әлемдегі түрлі сынақтарға төтеп беріп, қарқынды экономикалық даму жолына бет алды. Елбасының сарабдал саясатының арқасында сөз жоқ талай экономикалық-әлеуметтік, мәдени бағдарламаларды еңсеріп, талай биіктіктерді бағындырдық. Еліміздің 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді Даму Стратегиясы жүзеге асырылуда. Жүз нақты қадам Ұлт жоспары аясында ірі-ірі реформалар қолға алынды. Индустрияландыру саласын өркендету үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Конституциялық реформа жүзеге асырылып, Үшінші жаңғыруды бастадық. Рухани жаңғыру аясында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау жолында кешенді іс-шаралар жүргізілуде. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының қолға алынуы еліміздің әл-ауқатын одан әрі арттыратын қадам екендігі даусыз», – деп Дамир Шыныбеков іске асып жатқан реформаларға тоқталып өтті.

Ол заманауи технологиялар дүниежүзілік үрдіске айналып, адамзат жаңа өнеркәсіптік революция кезеңіне аяқ басқан шақта Президент биылғы дәстүрлі Жолдауында тұжырымдаған 10 нақты қадам да қазақстандықтар үшін аса маңызды екенін айтады.

«Мәлімдемеде айтылғандай, бұл Жолдаудың бұған дейінгі бағдарлардан ерекшелігі – ол Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы еліміздің дамуына арналуымен де құнды. Ең алдымен, бұл, біз үшін өркениеттілікке ұмтылудың, әлемдегі анағұрлым дамыған 30 елдің қатарына неғұрлым тезірек қосылудың тарихи мүмкіндігі! Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев, біріншіден, қазақстандық индустрияға айрықша мән береді. Ол жаңа технологияларды енгізудің флагманы болуы қажеттігіне ерекше назар аударады. «Өндірістік процестерді цифрландыру және заманауи бизнес-моделдерді игеру арқылы біздің өнеркәсіптің еңбек өнімділігінің деңгейін арттыру керек» дейді Президент. Екіншіден, ресурстық қуатты пайдаланудың тиімділігін арттыру жолында ақпараттық-технологиялық шешімдерді енгізудің маңыздылығын, өндірістің энерго-экологиялық тиімділігін атап өтеді Елбасы», – деді ол.

Университет ректорының айтуынша, Жолдауда адами капиталдың жаңа сапасы өзекті мәселенің бірі ретінде қарастырылған. Елбасы атап көрсеткендей, білім беру жүйесінің барлық деңгейі заманауи – экономикалық талаптарға жауап беруі тиіс.

«Міне, біз үшін алдағы жұмысымыздың басты бағдары осы бағыттармен үндес болуы қажет. «Отанымыздың көркеюі әркімнің жаңа «цифрлық дәуір» талаптарына сай болуына байланысты» деген Президент тұжырымы әрбір қазақстандық азаматты ойландыруы тиіс. Осы орайда Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ұжымы Елбасының биылғы Жолдауының бағдарлары мен қадамдарын толық қолдай отырып, Отанымыздың өркениетті дамуы мен гүлденуі жолында белсенділікпен жұмыс істейтін болады. Дәлдеп айтар болсақ, университет айналдырған тоғыз жылдың ішінде жолдауда қамтылған бағыттар бойынша жұмысты бастап та үлгерді, оның ішінде видеолекцияларды интернетке орналастыру, оқытушыларды қайта даярлықтан өткізу, қолданбалы ғылыми-зерттеулерді ағылшын тіліне біртіндеп көшіру іспетті шаралар атқарылуда», – деді Дамир Шыныбеков.

Бүгінде ХАТУ Малайзияның жетекші University Kuala Lumpur, Limkokwing University, University Tenaga Nasional университеттері секілді шет елдердегі жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп жатыр.

«Енді жолдауда көзделген бағыттардың біздің оқу орнымызда жүзеге асырылған жобалар арқылы орындалуын саралап көрелік. «Жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру маңызды, делінген жолдауда. Біздің студентіміз Айбек Рахым әкімшілік тарапынан өткізілген «Жастар отанға» конкурсында 2-орынды иеленді, оның «Tazalyk» жүйесі азаматтардың экомәдениетін ынталандыруға бағытталған. Рухани жаңғыру бағдарламасының адам бойындағы адамгершілік қасиеттерді аша түсуге бағытталғандығы белгілі. Біз студенттерімізді болашақта ақша табуға ғана үйретіп қоймай, жан-жағына қайырымдылықпен қарауға да тәрбиелеудеміз. «Блоникалық қол» протезі соның анық айғағы болмақ. Университет қабырғасында жасалған осы өнімнің төртеуінің бірі Семейдің 15 жастағы тұрғынына ақысыз негізде табыс етілді. Білім, бизнес, озық технологиялар үнемі ұштастырылуға тиіс. Осы саладағы үздік жұмысымыздың бірі ретінде ibeacon жобасын атап өтсек. Студенттер мен оқытушылардың бірлесіп жүзеге асырған бұл жобасы қазіргі таңда навигация ретінде «Қазақмыстың» шахталарында жемісті түрде пайдаланылып отыр», – деп университет студенттері мен оқытушылардың жетістіктеріне тоқталып өтті.

Елбасы Жолдауында «Жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керек» делінген. Осы орайда Дамир Шыныбеков университет қабырғасында атқарылып жатқан шараларды атап өтті.

«Оқу орнымыздың профессорлық құрамы мен студенттерінің бірігіп жасаған ауқымды еңбектері қатарынан соңғы кезде халыққа танымал болған «Ақылды аялдама», «Робот- көмекші» сынды жобаларды атап өтуге болады. Және де ауыз толтырып айтарлық жобаның бірі «50+ жасы жеткен тұлғаларды компьютерлік сауаттандыру». Ондағы мақсат, цифрландыру заманында халқымыздың ересек тұрғындарының жаңа заман тынысынан тыс қалмауына ықпал ету, олардың заман ағымына сай сапалы, мәнді өмір сүруін қамтамасыз ету», – деді АҚ «ХАТУ» ректоры.

Сөз соңынд ол IT университеті болғандықтан заманауи ғасыр бізден әрдайым бір қадам алда болуымызды талап ететінін, ал Елбасының осы жолғы Жолдауы атқарып отырған істерге жаңа бір тың серпін беріп отырғанын айтты.

Бөлісу